Атырау облысында өртенген жатақханадан 9 адам құтқарылды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында өртенген жатақханадан 9 адам құтқарылды. Оның ішінде 4 бала бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, өрт туралы бүгін, 21 желтоқсанда таңертеңгі сағат 9:28-де хабар түскен.

«Құрманғазы ауданындағы ПМК-28 ауылының Болашақ көшесінде орналасқан екі қабатты жатақхананың дәлізінен түтін шыққан 21 желтоқсан күні 09:28 сағатта Атырау облысы Құрманғазы ауданы, ПМК-28 ауылы, Болашақ көшесі мекен жайында орналасқан екі қабатты жатақхананың дәлізінен түтін шыққан. Шақырту орнына жедел жеткен өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері жатақхананың екінші қабатының дәлізінде еденнің жанғанын анықтады. Өрт сөндірушілер екінші қабаттан баспалдақ арқылы 4 баланы, 3 иінді сатының көмегімен терезеден 5 ересек адамды құтқарып, қауіпсіз жерге шығарды. Ал, 5 адам, оның ішінде 2 бала өздері далаға шығып үлгерді», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Жатақханадағы өрт сағат 09:54 сағатта толық сөндірілді. Өртті сөндіруге Атырау облысы департаменттің Құрманғазы аудандық бөлімінен 7 қызметкер мен 2 техника жұмылдырылды.

«Тұрғындарға өрт кезінде түтін басқан дәліздер немесе баспалдақтар арқылы эвакуациялауға әрекет жасау қауіпті екенін еске саламыз. Төтенше жағдайда түтін басқан бөлмелердің тұсынан өту кезінде тыныс алу жолдарын дымқыл шүберекпен жабу керек.

Ал, есіктегі жарықшақтарды дымқыл шүберекпен жауып, дымқыл көрпені іліп қойған жөн. Бұл іс-әрекет түтін иісінен тұншықпауға көмектеседі», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында бір мезетте төрт пәтер отқа оранғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар