Атырау облысында полицейден ескерту алған жүргізуші 2 сағаттан соң апатқа ұшырады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында полицейден ескерту алған жүргізуші 2 сағаттан соң апатқа ұшырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысында полицейден ескерту алған жүргізуші 2 сағаттан соң апатқа ұшырады
Фото: Атырау облыстық ПД баспасөз қызметі

Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Өзбекстан Республикасында тіркелген Lada Largus автокөлігінің жүргізушісі полиция ескертуін елемеген.

«Атыраулық полицейлер облыс және аудан орталықтарынан шыға беріс тас жолдарда көлік жүргізушілеріне жол қауіпсіздігін назардан шығармау қажеттігін айтып, түсіндіру жұмыстарын қолға алды. Алайда полиция қызметкерлерінің ескертуін елемейтін жүргізушілер бар. Мәселен, кеше, 20 шілде күні сағат 14:35 шамасында Өзбекстан Республикасында тіркелген Lada Largus автокөлігі Индербор кентінің тұсында тоқтатылды. Көлік жүргізушісіне жылдамдықты асырмау, жүк тиелгендіктен басып озу қағидаларын қатаң сақтау қажеттігі ескертілген. Аталған автокөлік жүргізушісі 2 сағаттан соң, 16:40 шамасында Орал-Атырау тас жолында аударылып, жол апатына ұшырады», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.


Көлікте жүргізушімен бірге 6 жолаушы болған. Олардың ешқайсысы жарақат алмаған.

«Жүргізушілерге жолда жүру қауіпсіздігін қатаң сақтау қажеттігін ескертеміз. Әсіресе, көлік жылдамдығын шамадан тыс асырмау, басып озу қағидаларын қатаң сақтау керек», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы республикалық жолдарда көлік апатынан 33 адам көз жұмғанын хабарлаған едік.

Патрульдік полиция ротасының командирі, полиция капитаны Әділбек Шахметовтің мәліметінше, республикалық маңызы бар тас жолдарда жыл басынан бері көлік апатының салдарынан 33 адам мерт болған, 57 адам әртүрлі дене жарақатын алған.