Атырау облысында пошташы газет-журналды электрлі мопедпен жеткізіп жүр
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында пошташы газет-журналды электрлі мопедпен жеткізіп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жанар Мұханбетова Исатай аудандық пошта торабында курьері болып жұмыс істейді. Курьердің міндеті – газет-журналдарды, хаттарды жеткізу. Ол мерзімді басылымдарды электрлі мопедпен тасып жүр.
«Бұрын газет-журналды жаяу жеткізіп, шаршайтын едім. Газет-журналдар салынған сөмкені алып жүру жеңіл емес. Электрлі мопедті 200 мың теңгеге сатып алдым. Қазір жұмысым едеуір жеңілдеді», -дейді Жанар Мұханбетова.
Оның айтуынша, жаңа үлгідегі көлігін 2-3 сағат электрмен қуаттандырады. Көліктің қуаты 45 шақырым жол жүруге жетеді.
Исатай ауданының әкімі Полымбет Хасановтың айтуынша, жұмыссыз жандар курьер секілді қарапайым жұмысты атқаруға қызығушылық танытар емес. Қазір ауданда екі курьердің орны бос тұр.
«Күн сайын жұмысқа келе жатып, аудандық пошта торабының алдында тұрған екі дөңгелекті мопедті көремін. Бұл техниканы кім, қандай мақсатта пайдаланатынын білгім келді. Көліктің иесі – курьер қызметін атқарып жүрген Жанар Мұханбетова. Қарапайым еңбек адамымен танысып, жұмысына сәттілік тіледі», -дейді Полымбет Хасанов.
Аудан әкімінің пікірінше, әр адам жұмысын шын ниетімен атқарар болса, зейнетін көреді.
«Әкімдік тарапынан қарапайым еңбек адамдарына қолдау көрсетіледі. Мәселен, былтыр пошта саласында ұзақ жыл газет тасушы болған Қалампыр Сүйеуқызы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондықтан, жастарды қызметтің беделіне қарамай, адал еңбек етуге шақырамын» -дейді Полымбет Хасанов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында ауыл кәсіпкері бұқтырылған түйе етін қалбырға салып шығаратынын жазған едік.