Атырау облысында республикалық тас жолдарға «Сергек» камералары орнатылады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда шаһар сыртындағы тас жолдарға «Сергек» камералары орнатылады. Бұған адам өліміне соқтырған жол апатының көбеюі себеп болып отыр, -деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысында республикалық тас жолдарға «Сергек» камералары орнатылады

Атырау облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Садировтың айтуынша, республикалық жжәне облыстық маңызы бар бірнеше жолға «Сергек» камераларын орнату көзделіп отыр.

«Қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Көркемтелеком» компаниясының қызметкерлерімен «Сергек» камераларын орнату мәселесі талқыланды. Мақсат – Атырау облысы аумағында қылмыстар санын азайту, жол-көлік оқиғаларының алдын-алу. «Көркем-Жайық» филиалымен жасалған келісімшартқа сәйкес Атырау қаласының аумағында 2020 жылы 2 «Сергек» жүйесінің 2 748 камерасы орнатылды. Аталған құрылғылар қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында үй аулаларында, адамдар көп шоғырланатын орындар мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін автокөлік жолдарының бойында, көше қиылыстарында жұмыс істеп тұр. Бұл камералар түрлі қылмысты болдырмау мен жол қауіпсіздігін сақтауға септігін тигізді», -дейді Руслан Садиров.

Енді қысқа мерзімде Атырау қаласында «Сергек» құрылғыларының санын арттыру, сондай-ақ, шаһар сыртындағы республикалық, облыстық маңызы басым жолдарға орнату көзделіп отыр. Бұдан былай республикалық Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы, Атырау-Орал, Доссор-Құлсары-Бейнеу және облыстық маңызы бар Атырау-Индер, Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз бағытындағы тас жолдарға камера орнату мәселесі пысықталды. Камералардың арақашықтығын жиілетіледі.

«Құрылғылар жақын арада қала сыртындағы тас жолдарға орнатылады. Камералардың арқашықтығы жиілейді. Себебі қала сыртындағы тас жолдарда адам өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасы жиі тіркеледі», -деп мәлім етті Руслан Садиров.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында алты айда жол апатынан 40 адам мерт болғанын хабарлаған едік.