Атырау облысында Рfizer вакцинасын салдырғандар саны 7 мыңға жуықтады
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Рfizer вакцинасын салдырғандар саны 7 мыңға жуықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 268 274 адам COVID-19 инфекциясына қарсы вакциналардың I компонентін ектірген. Вакциналардың II компонентін алған атыраулықтардың саны 253 500 адамға жетіп отыр.
«Атырау облысында былтырғы былтырғы 20 қарашадан бері Pfizer екпесін салдыру жалғасып жатыр. Бұл вакцинаны алатындардың қатарында 12 мен 18 жас аралығындағы 63 138 жасөспірім бар. Сондай-ақ, бала емізетін және жүкті әйелдер саны - 35 362. Осы кезге дейін Pfizer екпесін 6 940 адам салдырды. Оның ішінде басым үлесті 12-18 жастағы жасөспірімдер құрап отыр. Вакцина алған жасөспірімдер – 3 774. Оларға қоса аталған вакцинаны бала емізіп отырған 2 840 ана мен 326 жүкті әйел алды», -деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметі.
Өңірде былтырғы 23 қарашада ревакциналау басталған еді. Ревакциналаудан өтетіндер
тізіміне 97 493 атыраулық бар. Қайта вакциналау бірінші кезекте дәрігерлер мен полицейлер, мұғалімдер, құқық қорғау органдары мен арнайы мекемелердің қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ, студенттер мен созылмалы
сырқатымен есепте тұрған пациенттерге салынып жатыр. Осындай 8 санаттағы 38 395 адам ревакциналаудан өткен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 267,4 мың адам вакцина салдырғанын
хабарлаған болатынбыз.