Атырау облысында сәбилер шетінеуінің жиілеп кету себептері айтылды
Айта кетерлігі, бірқатар БАҚ-та Атырау облысында бала өлімінің көбейгені туралы материалдар шыққан болатын.
ӨКК-дегі баспасөз конференциясында Облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев жаңа туған сәбилер арасындағы өлімнің басты себебі ата-аналарының денсаулығына қатысты екенін мәлімдеді.
«Бала өлімінің басым бөлігі уақытынан бұрын босанғандарға тиесілі. Бұл жоспарланбаған жүктілік деп те айтуға болады. Жүктілікті жоспарлау керек, кем дегенде 1,5 жыл аралықты сақтау керек. Бұл жерде алдын алу шараларының маңыздылығын да айта кеткен жөн. Біздің орталықта медициналық қызметтердің сапасы бақылауға алынған. Босанған әйелдермен жұмыс жүргізіледі», - деді Қуаныш Нысанбаев.
Мерзімімен бұрын босану және бала салмағының аз болу өлімге әкеліп соқтырады. 2018 жылы облыстық перинаталдық орталықта 108 жаңа туған сәби өлімі тіркелді.
«Біздің орталықта уақытынан бұрын босанатындар саны артып отыр, соның ішінде салмағы өте төмен сәбилер де бар. 2018 жылы салмағы төмен 300 нәресте түсті, олардың иммундық жүйелері де төмен деңгейде болады. Аналарының да аурулары бар екендігі анықталды. Интергеникалық аралықты сақтамау проблемасы да жиі кездеседі. Бір қарағанда жай нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақ осының бәрі баланың иммундық жүйесіне әсер етеді. Қайталап айтайын, шала туған, салмағы 1,5 келіден төмен сәбилер саны көбейді», - дейді Облыстық перинаталдық орталықтың неонатология бөлімі меңгерушісі Гүлмира Әбекеева.
Облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері бұл жағдайды әйелдердің психологиялық жағдайымен және жүктілік процесімен байланыстырады.
«Барлық емханалар мен аудандық ауруханаларда отбасын жоспарлау және репродукция бөлімдері ашылды. Барлық жерде патронажды мейірбике бар, олар жас аналармен жұмыс істеп, бәрін түсіндіреді. Аналар мектебі бар. Оқыған мамандар бар және бұл бәріне қолжетімді. Алдын алу шараларына қажет жағдайлар жасалған, тек соларға барып, айтқан нұсқауларының бәрін толық орындау керек. Бірақ көп жағдайда бұл айтылғандар орындалмайды», - деп атап өтті Қуаныш Нысанбаев.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс педиатры Райса Баймұқанова соңғы екі жылдағы балалар өлімінің санын айтты. 2018 жылы облыс бойынша 1 жасқа дейінгі сәбилердің өлімі 176-ға жеткен.
«Әрине, бұл жақсы көрсеткіш емес, бірақ бұл дәрігерлердің біліктіліктерінің төмендігін көрсетпейді. Әр өлім тіркеледі, ештеңе жабық қалмайды. Әр жағдай бойынша жан-жақты талдаулар жүргізіледі. Бұл мәселемен сарапшы дәрігерлер, аудитор дәрігерлер айналысып, жекелеген жағдайлар бойынша толық сараптама жасалады. Әйелдердің денсаулықтары көңіл көншітпейді, бұл мәселеде де құр қарап отырғанымыз жоқ. Алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр», - деді Райса Баймұқанова.