Атырау облысында сапасыз көлікті ауыстырудан бас тартқан автосалонға айыппұл салынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Атырау облысы тұрғынының өтігішін қанағаттандырмаған автосалонға айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне сілтеме жасап.

Комитеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұтынушы «Урал-Кров-Авто Плюс» автосалонынан автокөлік сатып алған. Көлік сапасыз болып шыққан. Осыған байланысты тұтынушы көлікті басқа жаңа автокөлікке ауыстыруды немесе төленген қаражатты қайтару туралы «Урал-Кров-Авто Плюс» ЖШС-не наразылықпен жүгінген.

Алайда «Урал-Кров-Авто Плюс» ЖШС тұтынушының жазбаша наразылығына жауап берместен, автокөлікті басқа жаңа автокөлікке ауыстыруды немесе автокөлікке төленген қаражатты қайтарудан бас тартқан.

Осыған байланысты тұтынушы Атырау облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне арыз жазады.

Арызға сәйкес Департамент тарапынан «Урал-Кров-Авто Плюс» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру тағайындалды. Тексеру нәтижесімен ҚР ӘҚБтК-нің 190-бабы 5-тармағы 2,3-тармақшаларына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, «ескерту» түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Сонымен қатар, «Урал-Кров-Авто Плюс» ЖШС мен тұтынушы арасындағы жасалынған 08.09.2021 жылғы №78 автокөлікті жеткізу туралы келісімшартты бұзып, 11 022 300 теңге қаражатты қайтару туралы ұйғарым берілді.

Алайда «Урал-Кров-Авто Плюс» ЖШС бұл ұйғарымды орындамаған. Сол себепті, Департамент тарапынан «Урал-Кров-Авто Плюс» ЖШС-не қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабы 3 тармағымен әкімшілік хаттама толтырылып, шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Сот шешімімен «Урал-Кров-Авто Плюс» ЖШС-не 428 820 теңге айыппұл салынды. Сот шешімімен келіспегендіктен «Урал-Кров-Авто Плюс» ЖШС апеллияциялық шағым берді. Алайда, соттың шешімі өзгеріссіз қалды.

«Қазіргі уақытта «Урал-Кров-Авто Плюс» ЖШС мен тұтынушы арасындағы жасалынған автокөлікті жеткізу туралы келісім шарт бұзылып, 11 022 300 тенге қаражат тұтынушыға қайтарылды»,-делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар
telegram