Атырау облысында Сенат сайлауында Әлібек Нәутиевке көп дауыс берілді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Сенат сайлауында Әлібек Нәутиевке көп дауыс берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенат сайлауы Атырау қаласындағы Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде өтті. Сайлауға Атырау қалалық және жеті аудандық мәслихатының 119 депутаты қатысты. Ал, 13 депутат белгілі себептермен сайлауға қатысқан жоқ.

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, сүйенсек, Сенат депутаты болу үшін 3 кандидат тіркелген. Оның ішінде 1 әйел, 2 ер адам бар.

Әр деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары кандидаттың бірі – Әлібек Нәутиевке көп дауыс берді. Ол мәслихаттар депутаттарының 81 даусын жинаған.

Тағы бір кандидат Бағыт Шеркешбаеваға 30, Гилман Сәрсемәлиевке 6 дауыс берілген. Бір бюллетень бүлінген. Бір депутат барлық кандидатқа қарсы дауыс берген.

Әлібек Ибатоллаұлы Нәутиев 1963 жылы дүниеге келген. 1994 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын зооинженер, 2001 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін экономист-қаржыгер, 2003 жылы «Қайнар» университетін заңгер мамандығымен бітірген.

Еңбек жолын 1980 жылы Махамбет ауданы Таңдай орта мектебінің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1986-1987 жылдары «Бақсай» асыл тұқымды қой кеңшарында мал дәрігері болған.

1993-1997 жылдары Махамбет ауданы әкімінің орынбасары-аудандық экономика комитетінің төрағасы, 1997-2003 жылдары Қызылқоға ауданының, 2003-2008 жылдары Құрманғазы ауданының әкімі лауазымын атқарған. 2008 жылы Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, 2008-2009 жылдары Индер ауданының әкімі болып жұмыс істеген.

2014-2015 жылдары облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы, 2015-2016 жылдары Махамбет ауданының әкімі, 2016-2021 жылдары Атырау облысы әкімінің орынбасары болған. 2021 жылдың 15 қаңтарында VІІ шақырылған Атырау облыстық маслихатының хатшысы болып сайланған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 3 кандидат Сенат сайлауына түсетінін жазған едік.

Кейін Атырау облысында Сенат депутатын сайлауға үш кандидат қатысып жатқанын, мәслихаттардың 119 депутаты үш кандидатқа дауыс бергенін хабарлаған болатынбыз.



Басты фото: Azh.kz

Соңғы жаңалықтар
telegram