Атырау облысында «Шеп» бекетінің қызметкерлеріне пара алды деген айып тағылды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысында «Шеп» бақылау-өткізу бекетінің қызметкерлеріне пара алды деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Атырау облысы ІІД «Шеп» бекетінің қызметкерлері Б.Нұрланов, Б,Мақауов, Р.Ниеталиевке қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Олар «Шеп» бақылау-өткізу бекеті арқылы Қазақстан Республикасының аумағына кедергісіз өткізгені үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алып отырған. Пара көлемі 900-ден 5 000-ға дейін ресей рубльін немесе 5 000-нан 27 000 теңгені құрады», - делінген Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро департаментінің хабарламасында.
Құрманғазы аудандық сотының үкімімен кінәлілерге айыппұл төлеу жазасы кесілді. Б.Нұрланов - 2,7 млн теңге, Б.Мақауов - 760 мың теңге, Р.Ниеталиев - 324 мың теңге. Пара алғаны үшін кінәлі деп танылғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте, құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан және атақ дәрежелерінен айырылды. Заңсыз жолмен алынған мүліктері тәркіленді.