Атырау облысында шілде айында 27 млн балық шабағы құтқарылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында шілде айында 27 млн балық шабағы құтқарылды. Қазір өңірде тартылып жатқан су айдындарының жай-күйі бақылауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының ресми өкілі Олег Тушкановтың айтуынша, 6 шілдеден бері Қиғаш және Жайық өзендерінен бөлініп қалған су айдындарынан 27 млн 52 мың 500 балық шабағы құтқарылған.

«Балықтың барлық түрі шабақтан көбейеді. Ал шабақтар көктемгі өр суы кезінде көлдерге шығады. Бірақ, кейін бөлініп қалған су айдындарынан кері қайта алмайды.

Шабақтардың қырылып қалуының алдын алу үшін құтқару жұмыстары қолға алынды. Мәселен, 6 шілдеден бері Құрманғазы ауданында «Каспий-Балық», «Каспий таңы» өндірістік кооперативтері мен «ЛТД Ш.Сулейменов», «Е.Сәрсенбаев», «Аманкелді», «Тілекші» серіктестіктері су айдындарынан 26 млн 873 мың 400 шабақты құтқарды.

Ал Махамбет ауданы бойынша «Қызыл-Балық», «Каспий Рыба Евразия», «Тілекші», «Абылай-Хан», «Інжу-Маржан» серіктестіктері мен «Құрманғазы», «Жамбыл» өндірістік кооперативтерінің қызметкерлері 172 мың 500, Индер ауданында «Қызыл Балық», «Каспий Рыба Евразия» серіктестіктері 6 600 табан, мөңке, қаракөз, сазан балықтарының шабақтарын құтқарып қалды», - дейді Олег Тушканов.

Оның дерегіне қарағанда, 28 шілдеде Махамбет ауданындағы Қоржын, Алмағамбет, 8-ауыл, 15-ауыл, Қызылжар су айдындары тексеріліп, балық шабақтарын мелиоративтік аулау жұмыстарды жалғастыруға ұсыныс берілген. Инспекция мамандары Жайық пен Қиғаш өзендерінен бөлінген су айдындарының жай-күйін бақылауға алды.

Еске салайық, Атырау облысында тартылып жатқан көлдерден балық құтқарылып жатқанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар