Атырау облысында судағы қауіпсіздікті бұзғандарға 741 мың теңге айыппұл салынды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында судағы қауіпсіздікті бұзғандарға 741 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, жыл басынан бері су айдындарында 10 адам қаза тапқан. Оның ішінде 3 бала бар.
«Шомылу маусымы басталған 1 маусымнан бері 3 адам суға батып кетті. Суға батқандардың 2-еуі кәмелетке толмаған бала. Статистикалық дерекке сәйкес судағы жазатайым оқиғалардың 95 пайызы мас күйінде шомылу, суда жүзу қабілетін асыра бағалау салдарынан болып отыр. Ал, балалар ата-ананың қарауынсыз суға шомылудан оқыс оқиғаның құрбаны болады. Кейбір адамдар денсаулығының күрт нашарлауы мен құрысудан суға батып кетеді», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Қазір суда жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін төтенше жағдайлар департаментінің, полиция қызметкерлерінің, Атырау қаласы мен аудандар әкімдіктерінің өкілдері күнделікті үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып отыр. Оғанн Ұлттық ұланның күштері мен 4 еріктілер ұйымы тартылған. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын түсіндіреді. Негізгі қорғау құралдарын, сондай-ақ зардап шеккендерге алғашқы дәрігерлік көмек беру тәсілдерін көрсетеді.
«Су айдындарында шомылу кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатындағы күнделікті рейдтік іс-шараларға 273-тен астам адам мен 44 техника жұмылдырылып отыр. Атырау қаласындағы, Жылыой және Құрманғазы ауданындағы үш суда құтқару стансасында жедел-құтқару жасағының қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікті жүзеге асырып отыр. Мақсат – азаматтардың судағы қауіпсіздік талаптарын бұзуына жол бермеу. Соған қарамастан ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 364-бабының 1 және 2-бөлігін, 440-бабының талабын бұзушыларға 82 хаттама толтырылып, 741 мың 286 теңгеге айыппұл салынды», -деп мәлім етті қоғаммен байланыс тобынан.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жыл басынан бері 10 адам суға кеткенін хабарлаған едік.