Атырау облысында суға батып кеткен баланың денесі табылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысында кешеден бері іздестіру жұмыстары жүргізіліп, суға кеткен 9 жасар баланың денесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысында суға батып кеткен баланың денесі табылды

Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 26 сәуір күні суға батып кеткен 9 жасар баланы іздестіру жұмыстары бүгін таңертең қайта жалғасты.

Қайғылы оқиға Жылыой ауданындағы Құлсары қаласының жанындағы Құрсай каналында болды.

Құтқарушылар, туған-туыстар, еріктілер іздестіру жұмыстарын түні бойы жүргізді. Бүгін таңертең сүңгуірлер іздеуді қайта бастады. Суға батқан бала алғашқы сүңгу кезінде-ақ сағат 06 сағат 35 минутта табылды. Денесі сараптама жүргізу үшін құқыққорғау органдарының қызметкерлеріне берілді.

Атырау облысында 9 жасар бала каналға батып кеткенін бұған дейін жазған болатынбыз.