Атырау облысында табиғатты ластаушылардан 104 млн теңге айыппұл өндірілді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында үш айда табиғатты ластаушыларға бұрын салынған 104 млн теңге айыппұл өндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысында табиғатты ластаушылардан 104 млн теңге айыппұл өндірілді

Облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметовтің мәліметінше, биылғы бірінші тоқсанда экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау мақсатында 12 жоспардан тыс тексеру жүргізілген.

«Тексерулер барысында экологиялық заңнама талаптарын бұзудың 13 дерегі анықталды. Заң бұзушылықты жою туралы 6 ұйғарым берілді. Анықталған бұзушылықтарға қатысты 34 әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде 4 әкімшілік істі тоқтату туралы қаулы шығарылды. Қалған істер бойынша 4 841 360 теңгенің әкімшілік айыппұлдары салынды. Осы кезеңде табиғатты ластаушылар 4 млн 323 мың 360 теңгенің 14 айыппұлын өз еркімен өндірді. Бұған қоса өткен жылдары салынған 104 млн 599 мың 738 теңгенің айыппұлы өндіріліп алынды, -деп хабарлады департамент басшысы Әлібек Бекмұхаметов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда далаға төгілген катализаторға ұқсас қалдықтар жартылай көмілгенін жазған болатынбыз.

«Атмосфералық ауаны қорғау республикалық ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС Атырау қаласындағы филиалының жүргізген зертханалық талдау қорытындысымен далаға төгілген қалдықтардың құрамында никельдің біраз мөлшері бар екені анықталды. «Грейс Казахстан Каталистс» ЖШС-нің «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-не ұсынған анықтамасына сәйкес, пайдаланылған катализор құрамындағы никель өлшемі 5000 ппм құраған.

Кейін далаға катализаторға ұқсас қалдықтың төгілуіне қатысты тексеру жүргізілетінін хабарлаған болатынбыз.

«Прокуратура тарапынан катализаторға ұқсас қалдықты далаға төккен компанияны анықтау үшін алдын ала талдау жүргізіледі. Қоршаған ортаға қауіпті қалдыққа жауапты компания анықталғаннан кейін ғана тексеру басталады», - деп мәлім етті Атырау облысының табиғат қорғау прокуроры Еркебұлан Ермеков.