Атырау облысында тағы бір аумақ мұнай өніміне ұқсайтын сұйықтықпен бүлінген

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында мұнай өніміне ұқсайтын сұйықтықпен бүлінген тағы бір жер табылды. Әзірге қоршаған ортаға зиян келтіргендер анықталған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысы бойынша экология департаментінің мәліметіне сүйенсек, бүлінген жер Мақат ауданының аумағында анықталып отыр.

«Әлеуметтік желідегі жазбаларға мониторинг жүргізу кезінде қоғамдық белсенді Ғазиз Ғабдуллиннің Faceboоk-тегі парақшасындағы бейнежазбаға зерделеуге қолға алынды. Қоғамдық белсенді Мақат ауданындағы Доссор кентінен шамамен 15-17 шақырым қашықта орналасқан Жыңғылды елді мекенінің тұсында кен орнын пайдаланғаннан кейін қараусыз қалдырып, мұнаймен сол аумақты бүлдіргені туралы бейнежазба жүктеген. Осыған орай департамент мамандары кеше, 19 қыркүйекте аталған аумаққа Мақат аудандық прокуратурасының, Мақат ауданы әкімдігі мен Мақат ауданының полиция қызметкерлерімен бірге тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру кезінде Мақат ауданының Доссор кентінен шамамен 15 шақырым қашықтықтағы кен орнының аумағында топырақ қабаты мұнай өнімдеріне ұқсайтын сұйықтықпен бүлінгені анықталды», -деп мәлім етті экология департаментінің баспасөз қызметінен.

Департаменттің зертханалық талдауды бақылау бөлімінің маманы мұнай өнімімен бүлінген жердің топырағынан сынама алды.

Қазір департамент мамандары кен орнының қай кәсіпорынға тиесілі екенін анықтау жұмыстарын жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында үш жерге мұнай өнімдері тәріздес сұйықтық төгілгенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар