Атырау облысында Тәуелсіздік мерекесі күндері 56 сәби өмірге келді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі күндері 56 сәби өмірге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысында Тәуелсіздік мерекесі күндері 56 сәби өмірге келді

Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 16-17 желтоқсанда дүние есігін ашқан шақалақтардың арасында 28 ұл мен 28 қыз бар.

«Ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толған мереке күні – 16 желтоқсанда 37 нәресте өмірге келді. Жас босанған аналарға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін Атырау қалалық Жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-ның Атырау облысы бойынша филиалы, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен «Қазпошта» АҚ-ның облыстық филиалы шақалақтардың тууы туралы куәлігін жедел рәсімдеді», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Тәуелсіздік күнінде өмірге нәресте әкелген жас ананың бірі – Айғаным. Махамбет ауданында түратын отбасы перзентіне Фатима есімін таңдаған.

«Біз үшін ұлық мерекеде сәбилі болу – үлкен бақыт. Енді әкесінің ерке қызы – Фатимамыз бар»,- дейді ана.

Ата-анасын зор қуанышқа бөлеген нәрестелерге Әміре, Айдай, Айшын, Нұрислам, Нұрсейіт сынды есімдер көбірек қойылған.

Еске салайық, 16-17 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі күндері дүниеге келген сәбилерге baby-бокстар сыйға тартылып жатыр.

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай берілген «Сүйінші» сыйқорабына бөбектерге қажетті заттардан басқа, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау тілегі жазылған ашық хат, «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» монетасы және баланың тууы туралы куәлігі салынған. Ерекше жиынтық қорап ел бойынша барлығы 2 мың баланың ата-анасына тапсырылды.