Атырау облысында топырақ қабатын бүлдірген шаруа қожалығына айыппұл салынды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында топырақ қабатын бүлдірген шаруа қожалығына айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрманғазы ауданындағы Сүйіндік ауылдық округінің аумағында мұнайға ұқсас сұйықтық төгілген жер табылған болатын. Батырбек ауылынан солтүстік шығысқа қарай 8-9 шақырым қашықтықтағы Ыдырыс пен Шегенді қыстақтары аралығында топырақ қабаты бүлінгені туралы бейнежазба әлеуметтік желіде жарияланған.

Атырау облыстық экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биылғы 26 қарашада құрамында Құрманғазы ауданы әкімі мен аудан прокурорының орынбасарлары, Сүйіндік ауылдық округінің әкімі, Азғыр полиция бөлімінің бастығы, «SMART-OIL» ЖШС-нің өкілдері бар топ топырақ қабаты бүлінген жерге тексеру жүргізген.

«Тексеру кезінде жердің топырақ қабаты белгісіз затпен бүлінгені анықталды. Департамент қызметкерлері зертханалық талдау жүргізу үшін бүлінген жерден сынамалар алды. Мұнай өнімдерімен бүлінген жердегі ластаушы заттың нақты концентрациясы аялық (фоновый) топырақтан көп екені анықталды. Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің іс құжаттарында Сүйіндік ауылдық округіне қарасты Ыдырыс пен Шегенді қыстақтары арасында Батырбек ауылынан солтүстік шығысқа қарай 8-9 км шамасында орналасқан жерді бүлдірген «SMART-OIL» ЖШС-нің мердігері – «Капуанов Б.З.» шаруа қожалығы екендігі көрсетілген», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Осы дерекке байланысты облыстық экология департаменті «Капуанов Б.З.» шаруа қожалығына заңнама талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырды. Ал, «Капуанов Б.З.» шаруа қожалығының басшылары кінәсін мойындады. Қысқартылған іс жүргізу тәртібімен шаруа қожалығына 459 мың 450 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

Мұнай өнімдерімен бүлінген жер тазартылған.


Фото: Атырау облыстық экология департаменті


Соңғы жаңалықтар