Атырау облысында ұлттық қолөнерді қайта жаңғыртқан отбасы тұрады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында ұлттық қолөнерді қайта жаңғыртқан отбасы тұрады. Олар қой жүнінен ұлттық нақыштағы текемет басып, ағаштан түлі бұйым жасайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысында ұлттық қолөнерді қайта жаңғыртқан отбасы тұрады

Он сауғанына өнер тамған Зоя, Зина және Рая Қуанышқалиевалар Махамбет ауданының Бейбарыс ауылында тұрады. Олар меринос қойының жүнінен киіз басып, қолөнер бұйымдарын жұртшылыққа ұсынып отыр.

Ал, олардың ағасы Бөлекбай – ағаш шебері. Қуанышқалиевтер отбасына мұндай өнер ата-анасынан дарыған. Қазір олар мемлекеттен грант алып, ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуға жұмыстанып жүр.

«Бізге қолөнер анамыздан дарыған. Анамыз текемет басып, терме алаша мен киімдер тоқитын еді. Үлкен апайымыз Зоя анамыздан мирас болған ұлттық өнерді бізге үйретіп жүр. Оның мақсаты – әжелерімізден бүгінгі күнге жеткен асыл өнерді, ұлттық құндылығымызды дәріптеу. Ал, сіңлім Рая – тігінші. Өзі перделер тігіп, қолөнермен айналысады. Әкемізден ұлдарға ағаш шеберлігі дарыған. Әкеміз көзінің тірісінде мал шаруашылығымен айналыса жүріп, ағаштан түрлі бұйымдар жасаушы еді. Оның осы ісін ағамыз Бөлекбай жалғастырып келеді», -дейді Зина Қуанышқалиева.

Қолөнер шеберінің айтуынша, қазір киізден жасалған бұйымдарға сұраныс арта түскен. Зина Қуанышқалиеваның күйеуі Асылбек Рахметов те – ағаш шебері. Екі қызы Айдана мен Аягөз тігін тігу, қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраулық шебер Нұрлыбек Бисембаев айына 100 домбыра жасайтынын жазған болатынбыз.