Атырау облысында үш кәсіпорын 21,5 млн теңге жалақыны төлей алмай отыр
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында үш кәсіпорын 21,5 млн теңге жалақыны төлей алмай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұл туралы әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссия отырысында белгілі болған.
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрғалығымен өткен отырысқа жұмыс беруші және жалақы қарызы бар компаниялардың басшылары қатысты.
Облыстық мемлекеттік еңбек инспекция басқармасының басшысы Игілік Әубәкіровтің мәліметінше, былтыр 83 кәсіпорынның 1 388 қызметкерге 469,3 млн теңге жалақы қарызы болған.
«Осыған байланысты тиісті шаралар қабылданып, 80 кәсіпорынның 1 212 жұмыскерге төленуі тиіс 447,8 млн теңге жалақы берешегі өтелді. Қазір 3 кәсіпорын 176 қызметкерге 21,5 млн теңге жалақысын төлей алмай отыр. Былтыр 45 жұмысшы әр түрлі дене жарақатын алды», -дейді Игілік Әубәкіров.
Комиссия отырысында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берді.
«Барлық кәсіпорын, мердігер, қосалқы мердігер компаниялардың басшылары жалақы қарызы қалыптасуына жол бермеуі қажет. Мұндай заң бұзушылықтарды болдырмауды бақылауда ұстауды тапсырамын», -деді әкім.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын газ желісіне қосылғысы келген атыраулық кәсіпкердің өтініші бір жылдан бері шешімін таппағанын жазған болатынбыз.