Атырау облысында үш компания қылмыстық топ көмегімен 715 млн теңге салықтан жалтарған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысында мемлекетке 700 миллион теңге көлемінде залал келтірген ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Атырау облысында үш компания қылмыстық топ көмегімен 715 млн теңге салықтан жалтарған

Қылмыстық топ қаражатты криминалдық жолмен қолма-қол ақшаға айналдырып келген.

«Агенттіктің Атырау облысы бойынша аумақтық департаменті Н.Дәулетиярованың басшылығымен ұйымдасқан қылмыстық топ қызметінің жолын кесті.

Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері үлестес компаниялар – «Атырау Инвест Групп» ЖШС, «БР-Групп» ЖШС, «Ербек-компани» ЖШС атынан 2017 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі кезеңде облыс кәсіпорындарына жалған шот-фактураларды жазып беру бойынша заңсыз қызметті жүзеге асырды», делінген хабарламада.

Осылайша, компанияларға 715 миллион теңгеден астам бюджетке салық төлеуден жалтаруға жәрдем көрсеткен.

«Бас ұйымдастырушы Н.Дәулетиярова 7 жылға бас бостандығынан айырылды, оның сыбайластары Р.Батқаев пен Б.Жүсіпов тиісінше 5 және 5,5 жылға сотталды.

Бұл адамдар 5 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару, сондай-ақ бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды», делінген хабарламада.