Атырау облысында заңсыз айналымнан 60 келіден астам есірткі тәркіленген

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында заңсыз айналымнан 60 келіден астам есірткі тәркіленген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Нұрхат Оразбаевтың айтуынша, аса ірі көлемде есірткі сақтаудың 17 дерегі анықталған.

«Полиция қызметкерлері аса ірі көлемде есірткі сақтауға қатысты 17 деректі анықтады. Оның ішінде синтетикалық есірткі сақтауға қатысты 9 дерек бар. Ал, марихуананы заңсыз сақтаудың 3 дерегі тіркелді. Облыс аумағында есірткінің синтетикалық түрлерін жасырып-тығу әдісімен сатып жүрген адамдардың басым бөлігі – басқа өңірлерден келгендер.

Биылғы жыл басынан тіркелген бұл санаттағы қылмыстардың ішінде 8 дерек Тараз, Қарағанды, Ақтөбе, Семей Шығыс Қазақстан облыстарынан және Нигерия, Өзбекстан, Қырғызстан Республикаларынан келген тұлғалар тарапынан жасалып отыр. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 60 келіден астам есірткі тәркіленді», -деп мәлім етті Нұрхат Оразбаев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда Нигерия азаматы психотропты заттарды сақтағаны үшін 6 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Атырауда соңғы 2 жылда 18 мың данадан астам психотропты дәрі тәркіленгенін хабарлаған едік.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары 2021 жылдан бері заңсыз айналымнан 18 мыңнан астам психотропты дәрі-дәрмектерді тәркілеген.

Қазір Атырау облысында 500-ден астам адам нашақор есебінде тұр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, нашақорлар есебіне 508 адам алынған.

Оның ішінде 68 адам есірткілік уыты бар трамадол дәрісіне тәуелді болған. Қазір облыстық психикалық денсаулық орталығының наркология бөлімшесінде 75 адам тиісті емдеу шарасын алып жатыр. Үш адамға мәжбүрлі емдеуге жатқызылған.


Соңғы жаңалықтар