Атырау облысында жасөспірім шабандоз аламан бәйгеде оза шауып, көлік мінді
Бәйгеге 100 ат қатысты, олар БҚО, Маңғыстау, Ақтөбе және Атырау облыстарынан келді. Шараға 3 мыңдай адам жиналды.
Адамдар негізгі дода - аламан бәйгеден басқа түрлі спорттық шараларды тамашалады. Сондай-ақ ұлттық ас түрлері жайылған дастарханнан дәм татты. Шараны Махамбет ауданының әкімдігі ұйымдастырды.
«Бұл доданы біз Жеңістің 72 жылдығына орай ұйымдастырдық, - деді Махамбет ауданының әкімі Әлимұхамед Құттымұратұлы. - Бізді аудан тұрғындары қолдады, олар сыйлық қорын толтыруға көмектесті».
Аламан бәйгеде 1-орынды маңғыстаулық 14 жасар Бағдаулет Меңдібаев иеленді. Ол алғашқы көлігін 11 жасында жеңіп алған әккі шабандоз. Ал бұл жолғы жеңісі үшін оған «Уаз - Патриот» көлігі тарту етілді. Өзінің айтуынша, бұл оның соңғы үш жылда иеленген үшінші автокөлігі.
Бәйгенің күміс және қола жүлдегерлері 700 және 400 мың теңгеден сыйақы алды.
Көкпар тарту жарысынан Махамбет ауданының командасы бәрінен мықты болып шықты. Олар 400 мың теңге сыйақыны ұтып алды.