Атырау облысында жасөспірімнің өліміне себепкер болған қарт жүргізуші сотталды
Жылыой аудандық сотында жасөспірімді қағып, мерт қылған 73 жастағы жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қаралды. Жүргізуші ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен айыпталған.
«Өткен жылғы 20 қазанда сағат 7.40 шамасында жүргізуші кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасынан жасөспірім оқиға орнында қайтыс болған. Сотталушының кінәсі сот-сараптама қорытындысымен, жол-көлік оқиғасы орнының бейнежазбасымен толық дәлелін тапты», - деп хабарлады аудандық соттың баспасөз қызметі.
Прокурор сотталушыға 5 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Сотталушы өз кінәсін толық мойындаған.
«Сот жаза тағайындау барысында айыпталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның бұрын сотты болмағанын, 73 жаста екенін, денсаулық жағдайын, жәбірленуші тарапқа келтірілген материалдық залалдың өтелгенін ескерді. Жүргізуші сот үкімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Аталған құжаттың 63-бабының негізінде 2 жыл 6 ай мерзімге шартты жазаға сотталды», - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.
Сотталушыдан жәбірленуші тараптың пайдасына 5 млн теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілген.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 5 адам мерт болған жол апатына кінәлі жүргізуші сотталғанын жазған едік.