Атырау облысында Жайық өзенінің жағалауын бекітуге 12 млрд теңге бөлінген

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Махамбет ауылының тұсында Жайық өзені жағалауын бекіту жобасы іске асырылып жатыр. Жағалаудың 4,5 шақырымын бекітуге 12 млрд 136 мың теңге бөлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Облыстық энергетика басқармасы басшысының орынбасары Асан Нұрғалиевтың мәліметінше, жағалауды бекіту жобасының құрылысын «ПавлодарӨзенПорты» АҚ былтырғы қыркүйекте бастаған.

«Жайық өзенінің жағалауын бекіту жобасы жағаны қазу, топырақты күреу жұмыстарынан басталды. Жағалауға 1 337 қада мен 500-ге жуық тығын қағылды. Оған 30 техника мен 30 жергілікті жұмысшы жұмылдырылды. Қажетті құрылыс материалдары жеткілікті. Биыл Жайық өзеніне су мол келіп, тез қайтпауына байланысты сәуір айынан шілдеге дейін жұмыс тоқтап қалды. Өр суы кері қайтып, жағалау кепкен соң жұмыс қайта қолға алынды», -деп хабарлады Асан Нұрғалиев.

Оның дерегіне қарағанда, жағалауды бекіту жұмыстарын 2023 жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр.

Содан соң ұзындығы 4 шақырым, ені 3 метр жерге өрнек тас төселеді. Орындықтар мен жарық шамдары орнатылып, балаларға ойын алаңы салынады.

Махамбет ауылының тұрғындары үшін жағалауда серуендеуге арналған алаң ашылады.

«Бұған қоса Алға ауылының тұсынан жалпы құны 5 млрд 521 мың теңгені құрайтын, 3,2 шақырым жағалауды бекіту жұмыстары іске асырылады. Қазір бұл жобаға түзетулер енгізіліп жатыр», -деп мәлім етті Асан Нұрғалиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 11,3 млрд теңгеге спорт-интернат кешені салынатынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар