Атырау облысында жер кезегінде 140 мыңға жуық адам тұр
Облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек Ермекқалидің мәліметіне сүйенсек, өңірдегі жер қоры 11 млн 863 мың гектарды құрайды. Жер телімі әртүрлі мақсатта қолдану үшін беріледі. Алайда, белгілі бір мақсатпен бөлініп, игерілмей қалған учаскелер мемлекетке қайтарылады.
Мәселен, алдыңғы жылы игерілмей қалған ауылшаруашылық мақсатындағы 201 мыңнан астам гектар жер анықталған. Соған байланысты тиісті іс-шара қолданудың нәтижесінде 17 мың гектарға жуық жер қайта игеріле бастаған. Ал 87 мың гектарға жуығы мемлекет меншігіне қайтарылған.
«Өткен жылы облыс көлемінде 206 209 гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы 185 жер учаскесі мемлекет иелігіне кері қайтарылды. Жері телімінің 191 мыңға жуығы жайлым болса, 140 гектары шабындық, қалған 15 мыңы өзге мақсаттағы санатқа жатады. Енді биылғы жыл соңына дейін пайдаланылмай жатқан және заңдылықты бұза отырып берілген 210 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып отыр», - деп хабарлады Әлібек Ермекқали.
Оның айтуынша, Атырау облысында жер алу үшін 140 мыңға жуық адам кезекте тұр. Оның көпшілігі Атырау қаласының тұрғындары. Биыл жеке тұрғын үй құрылысы үшін тұрғындарға 1 450-ден астам учаске беріледі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 165 мыңға жуық гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын жазған едік.