Атырау облысында жоғалып кеткен шопан аман табылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Атырау облысында қой бағып шығып, жоғалып кеткен шопан аман-есен табылды, деп хабарлайды өңірлік ТЖД баспасөз қызметі.
«4 қаңтар күні сағат 18:23-те 112 кезекші пультіне Индер ауданының Елтай ауылдық округінде қыстақтан жаяу қой бағып шығып, содан оралмаған 1973 жылғы қойшы туралы хабарлама түсті.
Іздестіру жұмыстары 3 сағат жүргізілді. Қойшы сағат 21.49-да Елтай ауылдық округінен 28 шақырым жерден табылды. Жағдайы жақсы, медициналық көмекке мұқтаж емес» делінген хабарламада.
Іздестіру жұмыстарына Атырау облысы ТЖД №5 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен туыстары және 4 бірлік техника жұмылдырылды.