Атырау облысында жол апатынан бір адам мерт болып, екеуі ауруханаға түсті
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бүгін, 28 қаңтарда болған.
«Бүгін жергілікті уақытпен сағат 12:30 шамасында «Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы тасжолдың 523-шақырымы тұсында жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол бойында 64 жастағы ер адам жүргізіп келе жатқан «КамАЗ» бен «Skoda» автокөлігі соқтығысып қалды. Жеңіл көліктің рулінде 67 жастағы зейнеткер болған. Соққы салдарынан жол-көлік оқиғасы тіркелген орында «Skoda» автокөлігіндегі 1960 жылғы жолаушы көз жұмды. Осы көлікте болған екі адам ауруханаға жеткізілді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жыл басынан бері аталған жол бойында бірнеше рет жол апаты тіркеліп отыр.
«Мәселен, 21 қаңтарда жергілікті уақытпен сағат 7:30-да Атырау облысы арқылы өтетін «Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы жолдың 502-шақырымында «ВАЗ-2114» автокөлігі жол апатына ұшырады. Көлік жүргізушісінің басқару жүйесін игере алмағаны анықталды. Сол күні сағат 10:40 шамасында аталған тас жолдың 376-шақырымында тағы бір жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол бойында «Lada Priora» мен «УАЗ» автокөліктері соқтығысты», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Бір күнде болған екі жол-көлік оқиғасының салдарынан 6 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылған.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жол апатынан екі жолаушы көз жұмғанын хабарлаған едік.
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті