Атырау облысында жол апатынан жүргізуші мерт болып, жолаушы ауруханаға түсті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жол апатынан жүргізуші мерт болды. Ал, көліктегі бір жолаушы Мақат аудандық орталық ауруханасына түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы бүгін, 17 шілдеде Мақат ауданының аумағында болған.

Осы аудандағы Бәйгетөбе ауылы бағытындағы тасжолдың бұрылысында жергілікті уақытпен сағат 14:09 шамасында «Lada Priora» көлігі жол жиегіне аударылып қалған.

Жол апатының салдарынан көлікті басқарған жүргізуші оқиға орнында мерт болды. Жүргізушінің жасы – 48-де. Ал, көлікте отырған 1974 жылғы жолаушы әр түрлі дене жарақатын алды. Зардап шеккен жолаушы Мақат аудандық орталық ауруханасына жеткізілді.

«Қазір Мақат аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аталған жол-көлік оқиғасына байланысты тергеуді бастады. Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабымен тергеу жүріп жатыр», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Бұған дейін Атырау облысында жүк пойызы мен жеңіл көлік соқтығысып, бір адам мерт болғанын жазған едік.

Мақат кентінен 20 шақырым қашықтықтағы темір жол өткелінен өтпек болған «Lada Granta» жеңіл автокөлігі жүк пойызына соқтығысып қалған.

Соқтығысудың салдарынан жеңіл көліктің 1999 жылғы жүргізушісі жарақат алды. Ал көлікте болған 54 жастағы жолаушы оқиға орнында көз жұмған болатын.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мерт болған жолаушының денесін «Холматро» арнайы құралы арқылы шығаруына тура келді.

Жүк пойызына құрылыс материалдары тиелген 66 жүк вагоны тіркелген.


Соңғы жаңалықтар
telegram