Атырау облысында жол құрылысынан 6 айда 119 ақау анықталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысындағы жолдардан 6 айда 119 ақау анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысында жол құрылысынан 6 айда 119 ақау анықталды

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының бөлім бастығы Нұрлан Жантуриннің айтуынша, 6 айда 76 нысанға 201 рет тексеру жүгізілген.

«Өңірлік филиалдың инженерлері жергілікті 53 нысаннан 62 ақау тапты. Оның 25-і өрескел ақау санатына жатады. Ал 55 ақау әлі күнге дейін қалпына келтірілген жоқ. Жол құрылысына пайдаланылатын материалдардан 485 сынама алынды. Сыныманың 159-і талапқа сай емес», - деп хабарлады Нұрлан Жантурин.

Оның дерегіне сүйенсек, республикалық жолдарға пайдаланылып жатқан құрылыс материалдарынан алынған 263 сынама зертханада тексерілген. Соның нәтижесінде 65 сынама ҚР Стандарттарына сай емес болып шыққан.

«Сапасыз деп танылған 1116 шаршы метр асфальтбетон жабындысы, 5 текше метр және 259 дана темір бетон конструкциясы қайта ауыстырылды. Өткен жылы «Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасы (Астрахан бағыты)» автомобиль жолының 553-598 шақырым аралығындағы орташа жөндеу жұмыстарынан (жол жабындысына битумның шығуы, автомобиль дөңгелегі әсерінен түскен сызат) және осы жылы кепілдік мерзімі бойынша анықталған ақаулар (қара қиыршықтастың ұшуы 120 500 шаршы метр) осы кезге дейін жойылмады. Қазір жалған жол кепілдік мерзімінде тұр.

Ауа райының қолайлы кезінде ақауларды толығымен жою үшін «ҚазАвтоЖол» АҚ Атырау облысы бойынша филиалына хат жолданды», - деп мәлім етті Нұрлан Жантурин.

Бұдан бұрын Атыраудан Ресеймен шекараға дейінгі жолды жөндеуге 18 млрд теңге бөлінгенін хабарлаған едік.