Атырау облысында жүк көлігі мен жеңіл көлік соқтығысты

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысында өткінші жаңбырдан кейін көктайғаққа айналған республикалық маңызы бар тасжолда кептеліс пайда болған. Тасжолдардың бірінде жүк көлігі мен жеңіл көлік соқтығысып, екеуі де аударылған. Оқиғадан екі адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысында жүк көлігі мен жеңіл көлік соқтығысты

Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратынша, екі көлік 29 қарашада соқтығысқан.

«Төтенше жағдай Атырау-Орал тасжолының 17-шақырымында 7.30-да болған. Жүк көлігі Атырауға қарай бет алса, «Дэо Джентра» жүргізушісі қарсы бағытта келе жатқан. Оқиға салдарынан жүргізушілер түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Қазіргі таңда бірқатар сараптамалар тағайындалды», - деді Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицияның дерегі бойынша, Доссор кентінің аумағында Атырау-Ақтөбе тасжолында жүк көліктерінің салдарынан «кептеліс» пайда болған.