Атырау облысында жыл басынан бері 41 көлік өртеніп кетті
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, жыл басынан бергі 7 айда 41 көліктің өртену дерегі тіркелген.
«Қазір автокөлік тұрғындар қозғалысының ажырамас бір бөлігіне айналды. Автокөлік –өте күрделі механизм. Сол себептен, автокөліктің түрлі бөлшегін үнемі тексерістен өткізіп, әсіресе, өрт қауіпсіздігін бақылауда ұстау қажет. Алайда, жүргізушілер бұл талапты ескере бермейді. Соның салдарынан Атырау облысында биылғы 7 айда 41 автокөлікте өрт оқиғасы тіркелді. Оның ішінде 17 жүк, 23 жеңіл көлікті жалын шарпыды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Белгілі болғандай, автокөліктегі өрттің шығуына бірнеше себеп әсер еткен.
Мәселен, электр жабдықтарының бұзылуынан 28, жанар-жағар май жүйесінің ақауынан 6, көлік салонында шылым шегудің салдарынан 7 көлік өртенген.
Осыған байланысты төтенше жағдайлар департаменті жүргізушілерден авкөліктің техникалық қауіпсіздігіне баса көңіл бөлуді ұсынып отыр.
Әсіресе, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажет.
«Автокөлікті дер кезінде техникалық байқаудан өткізіп, әсіресе, электр желісінің сымдарына назар аударылуы тиіс. Көлікте өрт сөндіргіш құрал болғаны жөн. Автокөлікте жалын шарпыған жағдайда қозғалысты тежеп, өрт сөндіргіш құралын пайдалану керек. Жалынды сөндіруге топырақ пен құмды пайдалануға болады. Жанармай төгілген жағдайда, лапылдап жанып кетпес үшін оған су мен көбік, немесе топырақ сеуіп тастаған дұрыс», -деп мәлім етті қоғаммен байланыс тобынан.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жеміс тиелген Газель көлігі жолда өртеніп кеткенін хабарлаған болатынбыз.