Атырау облысында жыл басынан бері 57 экономикалық қылмыс тергелді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жыл басынан бергі 9 айда 57 экономикалық қылмыс тергелген. Экономикалық қылмыстардан келген залал көлемі 2,9 млрд теңгені құраған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте Атырау облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Бекболат Әнесов мәлім етті. Брифингке департаменттің басқарма басшылары қатысты.

«Атырау облысында жыл басынан бергі 9 айда экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерлерінің тергеуіне 57 қылмыстық іс түсті. Оның ішінде 32 қылмыстық істі тергеу аяқталды. Бұл барлық қылмыстық істің 56,1 пайызын құрайды. Өңірдегі соттардың қарауына 23 қылмыстық іс (40,3%) жолданды. Қылмыстық істер бойынша келтірілген залал мөлшері – 2,9 млрд теңге. Бұл қаржының 2,3 млрд теңгесі бюджетке қайтарылды», -деп мәлім етті Бекболат Әнеов.

Оның айтуынша, осы кезеңде заңсыз шот-фактураларды жазу, сеніп тапсырылған бөтен мүліктерді ысырап ету немесе иелену деректері анықталған. Сондай-ақ, монополистер тарапынан тариф бағасын негізсіз өсіруге, заңсыз ойын бизнесіне, мұнай және мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдауға, сақтауға, қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық істер тергелген.

«Өңір тұрғындарынан қаржы пирамидаларынан сақтануды сұраймыз. Деартамент қызметкерлерімен жедел іздестіру іс-шаралары жүргізіліп, қаржы пирамидасы түрінде жұмыс істеген 120 әлеуметтік медиа сайт пен аккаунт жабылды», -деді Бекболат Әнесов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында қаржы пирамидаларынан 500 адам зардап шеккенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар