Атырау облысында жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 89 адам мерт болған

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жыл басынан бері 326 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол апатынан 391 жолаушы зардап шегіп, 89 адам мерт болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаевтың айтуынша, тәртіп сақшылары мен жедел жәрдем бригадасы жол апаты болған жерге бірінші жетеді. сала мамандары арасында меморандумға қол қойылып отыр.

«Облыстық жедел жәрдем стансасымен ортақ меморандумға қол қойдық. Мақсат – жол қауіпсіздігін жандандандыру үшін әлеуметтік желіде шынайы ақпарат тарату, жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Өйткені, Атырау облысында жыл басынан бері 326 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 89 адам қаза тапты. Ал, 391 адам түрлі дене жарақатын алды. Жол апаты болған жерге алғашқы болып патрульдік полиция инспекторлары мен жедел жәрдем бригадасының мамандары жетеді. Өйткені, бұл – олардың қызметтік міндеті. Ал, жолай өтіп бара жатқан куәгерлер жол-көлік оқиғасын мобильді телефонға түсіріп, түрлі жалған ақпаратты таратады. Жол апатынан зардап шегушілерді камераға түсіріп, жария ететін жайттар аз емес. Бұл зардап шегушінің туысқандары мен жақындарына моральдық тұрғыда өте ауыр екенін ескермейміз. Осы орайда аталған меморандум шеңберінде тұрғындарды уақытылы ақпараттандырып, профилактикалық іс-шараларды жандандыруға жұмыстанамыз» -дейді Ерлан Биғамбаев.

Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының директоры Азамат Ерболовтың айтуынша, әр бригада мүшелерінің міндеті – алғашқы медициналық көмек көрсету, зардап шеккендерді ауруханаға тез жеткізу.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жыл басынан бері жол апатынан 78 адам мерт болғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар