Атырау облысында жыл соңына дейін 24 мыңға жуық жұмыс орны ашылады
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің мәліметінше, жыл соңына дейін 23 956 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
«Оның ішінде 14 374 тұрақты жұмыс орны бар. Осы кезге дейін 11 501 жұмыс орны ашылып, 6 188 адам тұрақты, 5 313 адам уақытша жұмысқа орналасты. Тұрақты жұмыс орындары бірнеше салада ашылды. Оның ішінде құрылыс индустриясында 1 856, ауыл шаруашылығында 1 056, білім беруде 380, денсаулық сақтау саласында 133, көтерме және бөлшек саудада 82, көлік тасымалында 96, өнеркәсіпте 33, экономикалық қызметтің басқа түрлерінде 2 552 адам жұмысқа тартылды»,-дейді Азамат Мәмбетов.
Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бері жұмыспен қамту шараларымен 7 912 адам қамтылған.
Оның ішінде 4 124 адам тұрақты жұмыс орындарына, әлеуметтік жұмыс орындарына 374, жастар практикасына 157, қоғамдық жұмыстарға 2 950, алғашқы жұмыс орындарына 30 және «Күміс жас» жобасы бойынша 6 адам орналастырылған.
Қысқа мерзімді оқу курстарына 61, онлайн Skills арқылы 166 адам оқытылған. Жеке кәсіп ашу бағытында 44 адам мемлекеттік грант алған.
Ал, жұмыспен қамту орталықтарына 13 905 адам хабарласқан. Оның ішінде 7 641 адам жұмыспен қамтылған.
«Жұмыспен қамтудың белсенді шараларының бірі – бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі. Жыл басынан бері 193 жұмыс берушінің қатысуымен 18 жәрмеңке өткізілді. Жәрмеңкеге 3 013 адам қатысып, оның 408-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Жұмысқа орналастыру шаралары жалғасып жатыр. Жұмыссыз адамдарға кеңес беріліп, жұмыспен қамту саласында енгізілген өзгерістер, әлеуметтік қолдау шаралары таныстырылды»,-дейді Азамат Мәмбетов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында бес айда 6,5 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылғанын хабарлаған едік.