Атырау облысындағы Президент резиденциясы балалар қажеттілігіне беріледі

АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысындағы Президент резиденциясы балаларды сауықтыру орталығына айналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысындағы Президент резиденциясы балалар қажеттілігіне беріледі

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қонақ күту нысандарын балаларға арналған сауықтыру және демалыс кешені ретінде қайта ашу жоспарланып отыр. Осыған байланысты Атырау облысының мемлекеттік органдары балалардың қажеттілігін зерттей бастады. Арнайы органдардың зерделеуінен соң балаларды сауықтыру және демалыс орталығының кешендік мақсаты айқындалады», - деп хабарлады Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

Жергілікті әкімдік Президент резиденциясын қайта жабдықтауды көздеп отыр. Қонақ күту объектісі Жайық өзенінің жағалауында орналасқан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Атырауда құрылысы тоқтаған концерт залының орнына мәдениет орталығы салынатынын жазған болатынбыз.

Ал былтырғы қарашада Президент Атырауға сапарында мәдениет орталығын салып, оған Құрманғазының есімін беруді ұсынған еді.

«Облыста мәдениет саласын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Қалада мәдениет орындарының көбірек болғаны жөн. Мен Атырау қаласында дарынды жастар үшін мәдениет және шығармашылық орталығын салуды тапсырамын. Оны қазақ күй өнерінің алыбы – Құрманғазының атымен атауды ұсынамын», - деді Президент.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, құрылысы тоқтап тұрған концерт залы бұзылып, орнына Құрманғазы атындағы өнер орталығы салынады.

«Атырау қаласындағы құрылысы толық аяқталмаған концерт залы бұзуға ұйғарым жасалып отыр. Нысан толық бұзылған соң оның орнына жаңа мәдени орталық салу жөнінде тапсырма берілді. Осыған байланысты тиісті саланың жауапты мамандары ұсыныс дайындайды. Жаңа мәдениет және шығармашылық орталықтың жобасы жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткеннен соң таныстырылады», -дейді Жасұлан Бисембиев.