Атырау облысындағы Приморский каналында балықтың неден қырылғаны тексеріліп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Приморский каналында өлі балықтар табылды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«21 сәуір күні таңғы сағат 7 шамасында Приморский каналы бойында Жайыққа қарай ағатын саласында өлі және шалажансар балықтар байқалып отыр. Ағын Жайыққа қарай құйып жатыр, балықтар ағынмен осылай қарай ағылуда», - делінген әлеуметтік желі арқылы таралған видеода.

Осы орайда ақтабан мен торта балықтары анықталды. Зертханалық зерттеу шараларын жүргізу үшін бірнеше жерде судың сынамасы алынды.

Экспресс талдау әдісімен суда еріген оттектің концентрациясы анықталды: Жайық өзенінде - 9,7 мг/л, Жайық өзені мен Приморский каналының тоғысқан жерінде - 3,5 мг/л, ал Приморский каналының ортасында 1,5 мг/л.

Белгілі болғандай, су ағыны кезінде байқалған жансыз балықтардың басым бөлігі Жайыққа жеткенде тіріліп, өзен бойымен таралып кетті. Мамандар өлі балықты жинап алды. Қазіргі кезде өлі балықтың көлемі есептелуде.

«Осы орайда қырылған балықтан сынама алынып, ветеринарлық инспекцияға жіберілді. Балықтың өлуі себебі зертханалық зерттеулерден кейін жарияланады», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар