Атырау облысының 65 мыңға жуық тұрғыны тұмауға қарсы екпе салдырды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының 65 мыңға жуық тұрғыны тұмауға қарсы екпе салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Гүлдана Бисенбайдың мәліметінше, 19 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері тұмау және ЖРВИ бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу туралы қаулыға қол қойған. Аталған бұйрыққа сәйкес Атырау облысындағы медициналық мекемелердің тұмауға қарсы иммундау науқанын өткізуге, тұмаумен және ЖРВИ-мен ауыратын науқастарды қабылдауға, сондай-ақ, зертханалардың зерттеулер жүргізуге әзірлігі қамтамасыз етілген.

«Биыл Атырау облысы тұрғындарының 9,7% тұмауға қарсы екпемен қамтылды. Оның ішінде 63 119 адам ақысыз негізде, ал, 1 675 адам жұмыс беруші тарапынан екпе салдырды. Ал, 14 жасқа дейінгі балалар арасында екпе алғандар саны – 11 893 адам. Тұмауға қарсы вакцина салдырған тұрғындарда асқынулар тіркелген жоқ», -дейді Гүлдана Бисенбай.

Атырау облысында жыл басынан бері эпидемиологиялық маусымда зертханалық жолмен дәлелденген тұмау аурушаңдығының 7 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 2 ересек жастағы адам, 5 жүкті әйел бар. Қазір тұмаудың «В» түрі анықталып отыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында тұмау жұқтырғандардың дені - жүкті әйелдер екенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар