Атырау облысының әкімі аймақ кәсіпкерлерінің түйіткілдерін тыңдады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдің бизнес-қауымдастығымен кездесті. Кәсіпкерлер бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелерді ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысының әкімі аймақ кәсіпкерлерінің түйіткілдерін тыңдады

Нұрлан Ноғаев алдымен облыстағы шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған жұмыстар жайында айтты. Өңірде 57 мың кәсіпкер бизнеспен айналысады.

«Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті экономикамыздың драйвері деп үнемі атап өтеді. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көп,  несие беру бағдарламалары, субсидиялау, гранттар бар, олар жергілікті және республикалық бюджеттердің есебінен жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет ШОБ субъектілерінің санының көбеюіне мүдделі. Жергілікті атқарушы органдар өз тарапынан барлық қалаушыларға қолдау көрсетуге, оқытуға, бастапқы капиталмен қамтамасыз етуге дайын , - деді Нұрлан Ноғаев.

Кездесуге қатысушылар монополистермен өзара әрекет, ауыл шаруашылығын субсидиялау, жаңа өндіріс ашу, кәсіпкерлік саласын қаржыландыру бойынша проблемаларды көтерді.

Аймақ басшысы үш сағат бойы бизнес қауымдастықтың сауалдарына жауап берді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту жайы да айтылды.

Нұрлан Ноғаев  жергілікті атқарушы билік кәсіпкерлерге қашан да қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Бастысы, бизнестің бірлескен жобаларға қатысуға қызығушылығының болуы.