Атырау облысының әкімі браконьерлермен күресті күшейтуді тапсырды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының теңіз жағалауындағы аудандарда су полициясы мен балық инспекциясының қосымша бөлімдерін ашу ұсынылды, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аталмыш қызмет өкілдері таратқан мәліметтерге қарағанда, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев аймақтағы заңсыз балық аулаушылармен күрес тиімді болу үшін су полициясы мен балық инспекциясының қосымша бөлімдерін ашу мәселесін шешуді тапсырған.
«Нұрлан Ноғаев Құрманғазы ауданында өңірдегі балық шаруашылығының проблемаларына қатысты көшпелі жиналыс өткізді. Оған мемлекеттік органдар мен құқық қорғау саласының өкілдері, балық аулайтын кооператив басшылары қатысты. Жиналыста балық саласын реттеу, заңсыз балық аулаумен күрес мәселесі қаралды»,-делінген хабарламада.
Жиналыс қортындысы бойынша аймақ басшысы мемлекеттік орган басшыларына бірқатар тапсырмалар берді. Ең бастысы - браконьерлікпен күресті күшейту және облыс аудандарында су полициясы мен балық инспекциясының қосымша бөлімдерін ашу туралы ұсыныс дайындау.