Атырау облысының әкімі Франция елшісімен кездесті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Филипп Мартинэ бастаған француз делегациясымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында өңір басшысы Елшіні Франция құрамасының Ресейдегі футболдан әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады.

Нұрлан Ноғаев атап өткендей, бүгінгі күні Атырау облысы Мемлекет басшысы қойған стратегиялық міндеттерді іске асырудағы белсенді және жүйелі іс-қимылдардың нәтижесінде серпінді даму үстіндегі өңірлердің бірі. Облыста үдемелі индустриялық-инновациялық даму аясында ірі ауқымды инвестициялық жобалар іске асырылуда. Қазіргі таңда өңір экономиканы әртараптандыру мақсатында басқа бағыттарды  агроөнеркәсіптік кешенді, денсаулық сақтау, туризм салаларын дамытуда.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізге шетелдік инвестицияларды, жоғары технологияларды тарту, персоналдарды әлемдік стандарттар бойынша оқыту жөніндегі тапсырма берді. Осы бағытта облысымызда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Біз бизнесті дамыту және инвестициялық ахуалды жақсарту үшін барлық жағдайларды жасаймыз. Сіздің елден келген компаниялар бірлескен жобалар құру үшін барлық қажетті көмекті ала алады», - деді Нұрлан Ноғаев.

Атырау облысының Франциямен сыртқы сауда айналымы 2018 жылдың бірінші тоқсанында 854,9 млн АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 27,6%-ға артық. Өңір аумағында француз капиталының қатысуымен 8 компания жұмыс жасайды.

Өз кезегінде Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Филипп Мартинэ облыс әкімімен екі ел арасындағы ынтымақтастық бойынша алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Франция Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық жасайтын елдердің үштігіне кіреді. Осы жылы екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы шартқа 10 жыл толады. Біздің компанияларымыз  сіздің ел аумағындағы көптеген ірі жобаларға қатысады. Біз жаңа технологияларды ұсынуға, Қазақстан экономикасының түрлі салалары үшін кадрлар дайындауға қатысуға дайынбыз. Баламалы энергетиканы, мәдени байланыстарды дамыту, студенттерді Францияның жоғарғы оқу орындарына оқуға шақыру  бұл екі ел экономикасын біріктірудің бір бөлігі ғана, - деді Филипп Мартинэ.

Сонымен қатар, француз елшісі көптеген жобаларды іске асыруға және Франция мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстарды дамытуға мүмкіндік беретін алдағы Қазақстан-Француз форумы туралы да әңгімеледі.

Кездесу соңында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңірде өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға болатын өте көп салалардың барын алға тартып, Франция өкілдерін Атырау облысына жиі келуге шақырды. 

Соңғы жаңалықтар