Атырау облысының әкімі өңір жұртшылығына Жаңа жыл жасампаздық жылы болсын, деген тілек айтты

«Ардақты атыраулықтар!
Көне күнтізбе кетер, жаңа жылжазба жетер - тоғыспалы тұста тұрмыз!
Өткенге - салауат, келерге - аманат!
Айшықты Атырауымыз тағы бір жылға көркейді, тағы бір жылға есейді!
Оңай жыл болды деп айта алмаймын. Ғаламдық геосаяси тұрақсыздық шикізат нарығына тұсау салды. Сыртқы сын-қатер аймағымызды айналып өтпеді. Уақыттың сынына заманның өзінен жауап тапқан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев күнгейге алып шығар Институционалды бес реформа - Жүз нақты қадам Ұлт жоспарын ұсынды.
Еншісі бөлек болғанымен, кіндігі бір әлем жұртшылығына Ұлттар ұйымының мінберінен жаһанды жасар жол көрсетті. Ана тіліміз төрткүл дүниенің төріне шықты.
Бейбіт заман сұрауын термен өтеген бүгінгі ұрпақ қилы кезең зауалын қанмен өтеген баба ұрпақ руxына тағзым етті.
Ата заңымыз асқақтады!
Қой жылы - шілдеxана той жылы болды. 16 мың сәби дүниеге келіп, бесік жыры шаңырақтарды шаттыққа бөледі.
Ырысымыз артпаса, кеміген жоқ! Несібеміз көбеймесе, азайған жоқ!
"Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен" деп Елбасымыздың өзі айтқандай, ауыл шаруашылығына салған күшіміздің бекер емес екенін уақыт дәлелдеп отыр. Дастарxанымыз берекелі болса, күндеріміз де мерекелі болмақ.
Өткен күнге - өкпе жоқ, келер күннен - үміт көп!
Қадірлі жерлестер!
Жаңа жыл - жасампаздық жылы болсын! Тілек-ниеттеріңіз қабыл болғай!
Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!
Жаңа жылы құтты болсын, ағайын!», - делінген Бақтықожа #змұхамбетовтің Жаңажылдық құттықтауында.