Атырау облысының әкімі Жайықта балық қырылуына қатысты пікір білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Индер ауданына жұмыс сапарын жасаған Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Жайық өзенінде балықтың жаппай қырылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Бүгінгі күні құқық қорғау органдары Жайық өзенінде балықтың жаппай қырылуына қатысты тексеру амалдарын жүргізіп жатыр. Олар аяқталғаннан кейін құқық қорғау органдары қалыптасқан ахуалға құқықтық баға беретін болады», - деді Нұрлан Ноғаев журналистердің сауалына орай.

Облыс әкімі арнайы ведомствоаралық комиссияның құрылып, қазіргі уақытта жұмыс жүргізіп жатқандығын да атап өтті. Зертханалық зерттеулер Жайық өзені суының халық тұтынуы үшін қауіпті емес екендігін көрсеткен. Бүгінгі күні балық қырылуының жаңа фактілері тіркелген жоқ.

«Атырау базарларындағы балық өнімдерінің қауіпсіздік мәселесіне келер болсақ, сатылып жатқан барлық балық өнімдері сертификатталған. Ветеринарлық, санитарлық эпидемиология қызметтері тұрақты негізгі бақылау жүргізіп отырады. Барлық өкілетті органдар сатылатын өнімнің қауіпсіздігі мәселесімен айналысады», - деді өңір әкімі.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Атырау облысында балықтың қырылғаны туралы бірнеше ақпарат таратқан болатынбыз. Нақтырақ айтқанда, өткен жылдың желтоқсан айының басында Атырау қаласының сыртындағы Перетаск шағын өзенінде балықтардың жаппай қырылу оқиғасы тіркелген еді.

Арада апта өтпей Атырау облысындағы Жайық өзенінде балықтардың жаппай қырылғаны анықталған.

Өкінішке қарай, желтоқсанда тағы да алабұға, торман, қылышбалық секілді қара балықтардың қырылғаны туралы ақпарат тарады.

Осы жағдайға байланысты Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы балықтың жаппай қырылу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалатынын жария еткен еді.

Жалпы, Жайық өзенінен 28 қаңтарға дейін 108,1 тонна өлі балық жинап алынған.

Авторы: А.Соколов

Соңғы жаңалықтар