18:28, 14 Наурыз 2020 | GMT +5
Атырау облысының әкімі жұртшылықты Көрісу күнімен құттықтады
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов жұртшылықты Көрісу күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы облыс әкімі Facebook -тегі парақшасында жазды.
Әкімнің айтуынша, биыл қауіпсіздік мақсатында бұқаралық сипатта тойлауға тоқтау салынғанымен, «Амал» деп те аталатын бұл күннің тағылымдық мәні бар.
«Бұл күні қытымыр қыстан шыққан ойдағы ел мен қырдағы ел амандық-саулық сұрасып, құшақ айқастырады. Ағайын ақ дастархан басына алқа-қотан отырысып, арқасы кеңіп, ағынан жарылады. Өткенге салауат айтылып, болашаққа бағдар түзіледі.
Бұл күні үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіледі. Ұлттың салт-санасы жаңғырып, Ұлыстың бірлігі бекемделеді. Бұрынғы өкпе-реніш ұмытылып, кірбің кетіп, көңілдердің жаңа парағы ашылады» -деп жазды облыс әкімі Facebook-тегі парақшасында.