Атырау облысының емханалары жоспарлы қабылдауды тоқтатты

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының емханалары жоспарлы қабылдауды уақытша тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысының емханалары жоспарлы қабылдауды тоқтатты

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 16 тамызда осындай шешім қабылданған.

«Өңірдегі тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емханалар, отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар пациенттерді жоспарлы қабылдауды уақытша тоқтатты. Сырқаты бар адамдарды жоспарлы қабылдау – скринингтер, медициналық тексерулер, дәрігерлердің профилактикалық тексерулер. Енді тұрғындар тұрақты мекен-жайы бойынша емхананың тіркеу бөліміне хабарласып, медицина мамандарынан онлайн-форматта кеңес алуына болады», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Дәрігерге шұғыл жүгіну шақыртуларын қабылдау жалғасуда. Емханалардағы егу пункттері демалыссыз жұмыс істей береді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында екі тәулікте 1 078 адам коронавирус

жұқтырғанын хабарлаған болатынбыз.