Атырау облысының Қызылқоға ауданында су тасу қаупі жоғары
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Қызылқоға ауданында су тасу қаупі жоғары екені анықталып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен көктемгі су тасқынының алдын алу туралы кеңесте белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Жаңабаевтың мәліметінше, 2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою туралы жол картасы әзірленген.
«Атырау қаласы мен аудандарда арнайы топ құрылып, су тасқынының алдын алуға байланысты әзірлікті тексеру жұмыстары жүргізілді. 2021-2022 жылдары Қызылқоға ауданындағы Ноғайты өзенінің арнасы тереңдетілмей, Сағыз ауылын су басты. Осындай қауіптің алдын алу үшін Сағыз, Ноғайты өзендерінің арнасын тереңдету жұмыстарын жүргізіп, бөгет тұрғызу қажет. Ал, «Миялы - Индер - Атырау» тас жолының Миялы ауылынан шамамен 600 метр қашықтықтағы тұсынан су өткізгіш құбыр орнату керек», - деді Нұрлан Жаңабаев.
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, су келу қаупі жоғары елді мекендерді бақылауда ұстаған жөн.
«Біздің өңірде су тасу қаупі басым ауданның бірі – Қызылқоға. Сондықтан, көктемгі су тасқынына жан-жақты дайындық жүргізу қажет. Өткен жылы осы ауданды су басты. Сол кезде су басуы мүмкін орындарды көзбен көріп, анықтадық. Биыл да су көп келетіні болжанып отыр. Сол себептен, қай елді мекенге қауіп төнуі мүмкін екенін анықтап, жағдайды бақылауда ұстау керек», - деді Серік Шәпкенов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда Ноғайты өзені тасып, ауылдағы көпірді су шайып кеткенін хабарлаған едік.
Кейін Атырау облысының Қызылқоға ауданында төтенше жағдай жарияланды.