Атырау облысының Мақат және Махамбет аудандарында IT-сыныптар ашылды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясының бастамасымен Атырау облысының Мақат және Махамбет аудандарында IT-сыныптар ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарованың айтуынша, облыстың барлық аудандарында өткізіліп жатқан «Бірыңғай партия күні» шарасы аясында Мақат және Махамбет аудандарында балаларға арналған IT-сыныптар ашылды. Бұл іс-шара жаңа партиялық жобаларды және елорданың 20 жылдық мерейтойы мен Президенттің бес әлеуметтік жобасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Доссор кентіндегі Б.Қанатбаев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Нұрсат Құлымжанов - болашақ аллеяның авторы. Оның қағаздан жасаған туындысы жуырда аудандық, облыстық байқауларда үздік атанып, байқаудың республикалық кезеңіне өтті.
«Мектебімізде ІТ-сынып ашылғанына өте қуаныштымын. Көптен бері өз эскиздерімді компьютерлік бағдарламаларға салып үйренгім келіп жүрген. Мен үшін бұл жақсы мүмкіндік болды»,- дейді ол.
Айта кету керек, өткен аптада «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының бастамасымен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің базасында ашылған ІТ-орталықтан дәріс алған Нұргүл Үмбетқалиева бүгінде оқушылардың жаңа технологияларды меңгеруге бейімі жоғары екенін айтады.
Ал Махамбет ауданындағы Е.Ағелеуов атындағы орта мектептің ІТ маманы Руслан Сұлтанов:
«Қазір тіпті 8-9 жасар балалардың да анимациялық фильмдер жасауға, түрлі ойындар құрастыруға қызығушылығы зор», - дейді.
Аудан орталықтарында ашылған ІТ-сыныптар заман талабына сай веб-камералармен, локальдық интернет жүйесімен жабдықталған. Сыныптарда арнаулы курстан өткен мамандар дәріс береді.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған жоба аясында Атырау облысында биыл 10 ІТ-сынып ашу жоспарланған. Бұл мектептерде 2018 жылы - 700, 2019 жылы - 1500, 2020 жылы - 2000 бала оқытылады.