Атырау облысының Ресеймен шекарасында қызғылт түсті лотос гүлдеді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Ресеймен шекарасындағы Қиғаш өзенінің сағасында қызғылт түсті лотос гүлі гүлдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Атырау облысының Ресей Федерациясындағы Астрахань өңірімен шекарасын бөліп жатқан Қиғаш өзені Құрманғазы ауданының аумағында орналасқан. Өзен сағасында лотос гүлдейтін аумақ бар.

Қиғаш өзеніне «Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасы» бағытындағы жолмен ғана жетуге болады. Арақашықтық – 300 шақырымға жуық.


«Өзен сағасындағы лотос өскен алқапқа қайықсыз жету мүмкін емес. Гүлдің хош иісі мұрныңды жарады. Су бетінде гүлдеп тұрған лотостың әдемілігін тек көзбен көру керек», -дейді сирек кездесетін гүл алқабына барған Самат Аманәліұлы.

Қиғаш өзенінің сағасында ғана гүлдейтін лотостың түсі – қызғылт. Лотос гүлі батпақты, сулы жерде өседі. Лотос шамамен 5 мың гектарға жуық аумаққа өскен.

Су ортасында өсетін лотос таңертең қауызын ашып, кешке қайта жабады. Таңертең су бетінде қауызын ашқанда құрғақ болып тұрады.


Бұл гүлді үндістер мен вьетнамдықтар тазалықтың символы ретінде бағалайды. Тіпті оның емдік қасиеті бар есептеледі. Тұқымындағы ақуыз бүйрек пен көкбауыр, жүрек ауруы мен ұйқысыздықты емдеуге қолданылады.

Алайда, лотос гүлін жұлуға болмайды. Өйткені, бұл гүл еліміздегі сирек кездесетін өсімдіктердің тізіміне енгізілген.

Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулық тұрғын Жайық өзенінен алып жайын ұстағанын жазған болатынбыз.





Соңғы жаңалықтар