Атырау облысының жастары несие алып, бизнес ашуға белсенді
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының жастары арасында кәсіпкерлікке бет бұрушылардың саны артып келеді.
Аймақ бойынша соңғы жеті жылда 2500-ден астам адам өз ісін бастаса, олардың 789-ы жастарға тиесілі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Шпановтыңайтуынша, көптеген жастар өмірлік үлкен тәжірибелері болмаса да, кәсіптерінің арқасында өз жағдайларын жақсартумен қатар, қосымша жұмыс орындарын құрып, елге қызмет етуде.
Соңғы жылдары кәсіп ашамын деушілерге берілетін несие түрлері мен көлемдері де артып отыр. Бұрын несиелер көбіне мал, егін шаруашылығына алынса, қазір азаматтар полиграфиялық жұмыстарға, жаңа үрдістегі киім түрлерін шығаруға, шағын оқу орталығын ашуға және жылыжайда жаңа өсімдерді шығару бағыттарына алуда.
«Атырау қаласының тұрғыны Миржан Ериманов алғашында жолаушыларды тасымалдау мақсатында 3 миллион теңге тұратын Газель автокөлігін несиеге сатып алып, халыққа қызмет көрсеткен. Екінші рет, 5 миллион теңгеге автобусты несиеге алып, қала сыртындағы елді мекендер арасында жолаушылар тасымалымен айналысып отыр. Сондай-ақ Құрманғазы ауданының Кудряшов округінің 23 жастағы тұрғыны Ақмарал Қошанова мемлекеттік бағдарлама арқылы 600 мың теңгеге несие алып, компьютерлік орталығын ашса, Ғалия Сұлтанова есімді Индер ауданының тұрғыны тігін шеберханасын ашып, қыз жасауларын, киім үлгілерін тігу арқылы үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Атырауда кәсіп ашушыларға қолдау жеткілікті», - дейді Еркін Шпанов.
Ердос Қасым