Атырау өңіріндегі 89 ескі мұнай ұңғымасынан май ағып, экологияны бүлдіруде - Ноғаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау өңіріндегі 89 ескі мұнай ұңғымасынан май ағып, экологияны бүлдіруде. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысынан Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті, деп хабарлайды.

Атырау өңіріндегі 89 ескі мұнай ұңғымасынан май ағып, экологияны бүлдіруде - Ноғаев

«Бұрын игерілген, ескі мұнай кен орындарында Энергетика министрлігіне 89 ұңғыма тіркелген. Олар апатты жағдайда кей жерлерде сол ұғымалардан май ағып, жерді, суды бүлдіріп, экологиялық зардап әкеліп жатыр. Мұнымен қоса, Атырау облысында 180 гидрогеологиялық ұңғыма тіркелген. Олардан да су атқылап, қазіргі таңда бақылаусыз жатыр. Сіздің атыңызға мен осы ақпараттарды жазып, қолдауыңызды сұраған едім. Тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беруіңізді сұраймын», - деді өңір басшысы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа қарата.

Сонымен қатар Атырау облысының әкімі бұл өте қауіпті жағдай екендігін, қазір шара қолданбасақ, соңынан кеш болуы мүмкіндігін ескертті.

«Көтеріліп отырған мәселе өте орынды. Энергетика министрлігі Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп, қарауларыңызды сұраймын»,- деді Премьер-Министр.