Атырау полицейлері әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы ахуалды бақылайды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау полицейлері әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы ахуалды бақылай алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтынша, №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы мен облыстық мүгедектерді сауықтыру мекемесі жедел басқару орталығының бақылау камерасына қосылған.
«Әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтарды полиция департаментіне қарасты жедел-басқару орталығының бейнебақылау жүйесіне қосуды көптен бері көздеген едік. Қазір аталған жүйеге Атырау қаласындағы №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және облыстық мүгедектерді сауықтыру орталығы қосылды. Екі орталық та көмекке мұқтаж жандарға қызмет көрсететін болғандықтан қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызы зор. Енді полиция қызметкерлері аталған орталықтардағы қызметкерлердің жұмыс кезіндегі тәртібі, науқастармен қарым-қатынасы, сырттан төнер қауіпті бақылап отырады», - деп хабарлады Азамат Мәмбетов.
Оның айтуынша, алдағы уақытта №1 және №4 арнаулы қызметтер көрсету орталықтарын жедел басқару жүйесіне қосу жоспарланып отыр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда мүгедектігі бар адамдарды оңалтуға арналған 150 орындық орталық салынатынын хабарлаған болатынбыз.
Ал жақында менталды ауытқуы бар балалар үшін күндізгі стационар ашылады.
Күндізгі стационарда медициналық-әлеуметтік сараптау комиссиясының тізіміндегі аутизм диагнозы қойылған, церебральді сал ауруына шалдыққан, тірек-қимылы бұзылған 30 бала тегін ем алады.
Мамандар әр баламен жеке жұмыс істейді. Әр балаға 3 сағат бөлінеді. Оларға 45 күндік ем-дом курсын жүргізуді жоспарланған.