Атырау полицейлері балаларын жұмыс орнына шақырды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау полицейлері 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай балаларын жұмыс орнына шақырды. Оған полицейлердің 1-13 жас аралығындағы 70-тен астам баласы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Полицейлердің балалары департаменттің музейіндегі жәдігерлермен танысты.

Музей басшысы Ерсайын Өміров балаларға ішкі істер органдарының қалыптасу тарихы, қызмет бабында қаза болған қызметкерлер ерлігі туралы әңгімелеп берді.

«Ел Президенті 2022 жылды балалар жылы деп жариялап, «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деді. Расында, еліміздің келешегі – бүгінгі жас ұрпақ. Балаларымыздың әрбір сәтін бақытқа кенелту үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Оларды жылылық пен мейірім шуағына молырақ бөлейік», -деді департамент бастығының орынбасары,​ полиция подполковнигі Әділхан Байдосов.

Департамент алдындағы алаңда балалар үшін сурет конкурсы ұйымдастырылды. Балалар әртүрлі суреттер салды.

Арнайы шақырылған аниматорлар қызықты ойындар мен сайыстар өткізді. Бүлдіршіндер би билеп, ән айтты.

Әскери техника, полиция көлігі, иісшіл ит балалардың қызығушылығын оята түсті.

Жедел әрекет ететін арнайы жасақ жауынгерлерінің шеберлігі мен дағдысы көрсетілді.

Іс-шара соңында балаларға диплом, мерекелік сыйлық табысталды.

Жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттайтын «Мен есірткісіз өмірді таңдаймын» атты сыйлық таратылды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 130 мыңнан астам бала сауықтыру шараларымен қамтылатынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар